2023 жылы «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында қазақ жазушысы, драматург, қоғам қайраткері Төлен Әбдіктің шығармаларын оқуға ұсынылды. Төлен Әбдік - қазақ прозасында ерекше қолтаңбасы бар қаламгер. Тұңғыш рет 1969 жылы «Көкжиек» әңгімелер жинағы жарық көріп, қазақ әдебиетіне философиялық проза жанрын ала келген белгілі жазушы ретінде танымал. Ол 1942 жылы 4 қыркүйекте Қостанай облысының Жангелдин ауданындағы Еңбек ауылында дүниеге келген. Төлен Әбдік 1965 жылы қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. Шығармалары 1964 жылдан бастап түрлі газет-журнал беттерінде жарияланған. Төлен Әбдіктің алғашқы шығармасы университет қабырғасында көңіліне ұнаған бойжеткенге байланысты жазылған. Замандастарының айтуынша, сол күнде жас та болса сол әңгімесі өз ортасында біраз талқыланып, жақсы бағаланған. Одан кейінгі жылдары «Көкжиек» (1969 жыл), «Күзгі жапырақ» (1971 ж.), «Ақиқат» (1974 ж.), «Айтылмаған ақиқат» (1979 ж.) әңгіме, повестер жинақтарын, «Өліара» (1985 ж.), «Ақшоқыда қыс қатты» (1987 ж.), «Парасат майданы» (2002 ж.) романдары жарық көрді. Сонымен қатар қаламгердің әңгіме, повестері орыс тілінде «Истина» (1980 ж., 1981 ж.) деген атпен шықты. Грек аңыздары – «Эллада ерлерін» (1977 ж.) қазақ тіліне аударған. «Біз үшеу едік» драмасы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда сахналанған. Жазушы шығармаларында тіс бата бермейтін маңызды тақырыптар – парасат майданы, ақыл мен азап ауруы, тұлғаның екіге жарылуы, кейіпкердің қарапайым адамдарға тән емес науқаспен ауруы, философиялық болмысты іздеу сияқты күрделі, тың дүниелер қозғайды. Модернизмнің жұрнақтары – қазақ әдебиетінде, соның ішінде Т.Әбдіктің шығармаларында қалай көрініс тапқандығы көрінеді. Жазушыға 2002 жылы жазушыға отандық әдебиетті дамытуға қосқан зор үлесі үшін оған «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. 2003 жылы Франц Кафка атындағы халықаралық сыйлығы мен алтын медалі берілді, 2004 жылы «Парасат майданы» повесі үшін Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. 2013 жылы Төлен Әбдік «Түркі әлемінің үздік жазушысы» атанды. Түркияның Эскишехир қаласында өткен «Әдеби журналдар редакторларының VI құрылтайында» қазақ жазушысы Т.Әбдікке мәртебелі атақ салтанатты түрде табыс етілді. Қаламгердің шығармалары түбі бір туыс 13-тен астам елдің тілдеріне аударылып, кеңінен таралды. Сонымен қатар 2013 жылы көрнекті еңбегі үшін «Парасат», 2019 жылы ұлттық әдебиеттің дамуына қосқан үлесі бірінші дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған.

Құрметті оқырман! Жазушы Төлен Әбдіктің шығармаларымен жақынырақ танысқыларыңыз келсе, Индер аудандық және Өрлік ауылдық кітапханасының қорындағы әдебиеттерді алып оқуларыңызға болады.

Баршаңызды Төлен Әбдіктің шығармаларын бірге оқуға шақырамыз!

  

Мы в социальный сетях